ЕО елшілері Ресейге қарсы санкция мерзімін ұзартты

ЕО тулары (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің елшілері бүгін Украинаның территориялық тұтастығына қауіп төндірген 146 адам мен 37 компанияның активтерін бұғаулап, виза бермеу түріндегі санкция мерзімін алты айға тағы ұзартты. Санкция мерзімі 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс болатын.

Санкция алғаш 2014 жылы наурызда Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап алуына байланысты салынған.

Санкция салынғандар арасында Қырымда жұмыс істейтін компаниялар мен Украинаның шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер құрған батальондар, Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозин, мелмекеттік телеарна басшысы, Кремльдің бас пропагандашысы деп аталатын Дмитрий Киселев сияқты саясаткерлер бар.

ЕО-ның Ресейдің энергетика, қорғаныс және қаржы секторына салған экономикалық санкцияларының мерзімі 2017 жылы қаңтардың 31-інде аяқталуы тиіс. Бірақ ЕО басшылары қазан айында Брюссельде өтетін ЕО саммитінде санкцияны ұзарту жайын талқылап, желтоқсанда қайтадан кездескен соңғы шешімін шығарады деп жоспарланып отыр.