Қарағанды облысында тікұшақ құлап, төрт адам жараланды

Тікұшақ (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысы аумағында "Евро-Азия Эйр" әуе компаниясының Ми-8 тікұшағы құлап, төрт адам жараланды деп хабарлады көліктегі бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратураның ақпаратына қарағанда, тікұшақ 7 қыркүйек күні сағат 15:50-де Ұлытау ауданының аумағында әуеге көтерілетін кезде құлаған.

Тікұшақта "ҚазТрансОйл" компаниясының Шығыс филиалы Жезқазған мұнай құбыры басқармасының 19 жұмысшысы мен экипаждың үш мүшесі болған.

Төтенше оқиғадан түрлі жарақат алған төрт жұмысшы алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ары қарайғы тексеруден өту үшін Қызылордаға жіберілген.

Бұған дейін "ҚазТрансОйл" тікұшақтың Қызылорда облысының аумағында құлағанын хабарлаған еді. Төтенше жағдайлар комитеті мен азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметтері де Азаттыққа тікұшақтың Қызылорда облысы аумағында құлағанын айтады.

Көліктегі прокуратура инвестиция және даму министрлігі тікұшақ апатын тексеретін комиссия құрып, қылмыстық кодекстің 344-бабы ("әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу") бойынша іс қозғалғанын айтады.