БАҚ: АҚШ-тың Ауғанстанда кепілдегілерді босату әрекеті сәтсіз болды

Ауғанстандағы америкалық әскерилер (Көрнекі сурет).

АҚШ арнайы қызметінің Ауғанстанда өткен айда талибтер кепілге алған бір америкалық пен бір австралиялықты босату әрекеті сәтсіз аяқталған деп хабарлады операциядан хабардар дереккөзіне сілтеме жасаған Fox News телеарнасы. Операция Ауғанстанның шығысындағы Жалалабад қаласына жақын маңда жүргізілген.

Кабулдегі Америка университетінің екі профессорын 7 тамызда ұрлап әкеткен. Операция барысында жеті содырдың көзі жойылғанымен, кепілдегілер ол жерде болмай шыққан. Оқытушылардың қазір нақты қай жерде екені белгісіз. Оларды Жалаладдин Хаккани тобы ұрлап әкетті делінеді. Ресми ақпар бойынша, операцияда америкалық арнайы қызмет өкілдерінен ешкім зардап шекпеген.

Операция АҚШ президенті Барак Обаманың санкциясымен жүргізілген. Бұл Пентагонның соңғы жылдары кепілдегілерді босату үшін жүргізген алғашқы операциясы емес. Операциялардың барлығы бірдей сәтті болған да емес. New York Times басылымының хабарлауынша, Хаккани тобы адам ұрлауды, оның ішінде шетелдіктер мен ауқатты ауғандықтарды кепілге алуды табыс көзіне айналдырған. Кепілге алынғандар әдетте дереу Пәкістан территориясына жөнелтіледі. Мұнда Батыс елдерінің арнайы қызметі Пәкістан билігінің рұқсатынсыз операция жүргізе алмайды.