БАҚ: ШЫҰ-ның арнайы қызмет басшылары Алматыда кездеспек

Көрнекі сурет.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің арнайы қызмет басшылары Алматыда аймақтық антитеррорлық құрылым кеңесін (ААҚК) өткізбек деп хабарлады жергілікті және ресейлік ақпарат агенттіктері. Кездесуге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан арнайы қызмет өкілдері қатысады.

БАҚ дерегінше, олар «жанкештілер жасайтын терактілердің алдын алу үшін бірлескен шараларды талқыламақ». Ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасаған ақпарат агенттіктері мәліметінше, жиында ШЫҰ елдері аумағында радикалды діни идеологияның тарауына қарсы біріккен шаралар да талқыланады.

Кеңесте интернетте терроризм идеяларын насихаттауды тоқтату, ШЫҰ елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін террористік, сепаратистік және экстремистік ұйымдар мен топтарға қарсы тұру мәселелері де қаралмақ.

ШЫҰ сайтында кездесудің қашан өтетіні жазылмаған. Аймақтық антитеррорлық құрылым кеңесінен және ұлттық қауіпсіздік комитетінен жиын туралы дерек алу мүмкін болмады.