Бүгін Балқаш қаласының ауруханасында денесін күйік шалып жеткізілген ер адам қайтыс болды. Бұл туралы Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса хабарлады.
Қыркүйектің 12-сі түнде болған жағдайға байланысты ақпарат берген Айжан Исаның айтуынша, 49 жастағы ер адам дүйсенбі күні денесінің 90 пайызын күйік шалып, басынан ауыр жарақат алған күйі ауруханаға жеткізілген. Ер адамның өзін-өзі және сегіз жасар ұлының үстіне бензин құйып өртеп, төртінші қабаттан секіріп кеткені хабарланады. Бала оқиға орнында қаза болған.
Сонымен бірге, оқиға салдарынан тағы екі адамның, оның біреуі бір қабат жоғарыда көршілес пәтерде тұратын бала қаза болғаны туралы ақпарат бар. Әйел мен қыз бала иіс тиіп қайтыс болғаны айтылады. Тағы бір әйел Приозерск ауруханасының реанимация бөлімшесінде ес-түссіз комада жатыр. «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеу басталған.