ОСК төрағасы Берік Имашев болды

Әділет министрі болып жүрген кезіндегі Берік Имашев.

Әділет министрлігін басқарып келген Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайтында президент жарлығы жарияланды. Имашев бұрынғы ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың орнына келген.

Мұның алдында Қазақстан қорғаныс министрі болып Сәкен Жасұзақов тағайындалғаны белгілі болған. Ал бұрынғы қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов бүгін премьер-министр орынбасарлығына келді.

Қазақстан үкіметіндегі министрлердің көпшілігі өз орындарында қалды. Сейсенбі күні Қазақстан президенті сайтында жарияланған жарлық бойынша, Ерлан Ыдырысов – сыртқы істер, Қалмұханбет Қасымов – ішкі істер, Дәурен Абаев – ақпарат және байланыс, Ерлан Сағадиев – білім және ғылым, Тамара Дүйсенова – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Жеңіс Қасымбек – инвестициялар және даму, Бақыт Сұлтанов – қаржы, Арыстанбек Мұхамедиұлы – мәдениет және спорт, Қуандық Бишімбаев – ұлттық экономика, Қанат Бозымбаев – энергетика министрі болып қайта тағайындалды.