Заңгер Танков бостандыққа шықты

Евгений Танков түрмеден шыққан сәт. 16 қыркүйек 2016 жыл.

Қарағандыда сотталып, жазасын Қарабас елді мекеніндегі АК-159/18 түрмесінде өтеп жатқан заңгер Евгений Танков бостандыққа шықты. Оны түрме алдынан туысқандары мен достары күтіп алды.

"Түрмеде отырсам да басымда бостандық туралы ой болды" деді Танков Азаттық тілшісіне.

Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған қылығы үшін қарағандылық адвокат Евгений Танков 2014 жылы шілденің 24-і күні үш жылға бас еркіндігінен айрылған. 2014 жылы қазанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. 2015 жылы наурыздың 18-інде Танков жазасын өтеп жатқан АК 159/18 колониясында өткен көшпелі сот отырысында мекеме әкімшілігі, прокуратура мен адам құқығы жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері заңгердің мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару немесе жазасын жеңілдетуді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған. Ал өткен жылы маусымның басында сот түрме әкімшілігінің талап-арызы бойынша Танковтың жаза мерзімін жарты жылға кеміткен.