Шілдеде Алматыда полицияға қарсы шабуыл ұйымдастырды деп ұсталған Руслан Күлекбаевтың қамау мерзімі 18 қазанға дейін ұзартылды. Бұл туралы Алматыдағы Алмалы аудандық соты хабарлады.
Тергеу мәліметтері бойынша, Күлекбаев қылмыстық кодекстің "екі немесе одан да көп кісіні өлтіру", "бөтеннің көлігін күш қолдану арқылы заңсыз иелену", "терроризм актісін жасау", "ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу", "адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық қолдану арқылы атыс қаруын бірнеше рет ұрлау" баптары бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінген.
18 шілдеде Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы адам шабуыл жасап, салдарынан үш полицей, шекара қызметінің бір сарбазы және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған Руслан Күлекбаев ұсталған. Ресми мәлімет бойынша, ол бұған дейін екі рет сотталған.