Әзербайжан астанасында сенбі күні Демократиялық күштер ұлттық кеңесі ұйымдастырған кезекті наразылық шеруінен соң полиция мен наразылар арасында қақтығыс болып, бірнеше адамды полиция ұстады деп хабарлайды Азаттықтың Әзербайжан қызметі.
Ел конституциясына өзгерістер енгізуді көздейтін референдумге қарсылық акциясы биліктің рұқсатымен бүгін Бакудегі «Мехсул» стадионында «Монархияға жол жоқ! Тонау тоқтатылсын!» деп ұранмен өткен. Наразылық шеруіне қатысушылар: «Мұнайдан түскен 140 миллиард доллар қайда?», «Біз сендерді сайлаған жоқпыз», «Сендер тойып болмадыңдар», «Еңбекақы – 105 манат, оқу ақысы – 4000 манат», «Еуропа одағымен келісімге қол қойылсын» деген жазулар ұстап шыққан.
Митингіде сөйлеген Әзербайжан халық майданы партиясының жетекшісі Әли Керимли: «23 жыл бойы елді тонап келе жатқан жемқорлар отбасылық үкіметті заңдастырып алғысы келеді. Конституцияны жеке басы мен өз отбасы үшін өзгерткісі келетіндерге «жоқ» деп айтамыз» деп мәлімдеді.
Наразылық акциясында оппозициялық ұйымдардың жетекшілері, серіктері билік саяси себеппен түрмеге қамады деп санайтын тұтқындардың туыстары, азаматтық белсенділер және басқалар сөз сөйлеп, конституцияға өзгерістер енгізуге қарсылық білдірген.
Баку полициясы бүгінгі оппозиция шеруіне 800 адам қатысты деп хабарлады.
Әзербайжан билігі Конституцияға президент өкілеттілігін ұзартуды және кандидаттарға қойылатын жас шектеуін алып тастауды көздейтін өзгерістер енгізуді ұсынған. Бұған қатысты бүкілхалықтық референдум қыркүйектің 26-сына белгіленген.
Бакуде наразыларды полицияның ұстаған сәтінен видео:
Your browser doesn’t support HTML5