Тәжікстан билігі биылғы сегіз айдың ішінде экстремизм және терроризм бойынша айыпталған 150-ден астам адамды елге қайтарды. Бұл туралы 19-қыркүйек күні Душанбеде тәжік ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода мәлімдеді.
Тәжікстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, экстрадицияланғандардың дені Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қатарында соғысқандар. Сонымен бірге, тәжік соты қызметіне тыйым салған діни және саяси ұйымдардың мүшелері бар.
Министр Рахимзоданың сөзінше, бұл адамдардың Тәжікстанға қайтарылуына Ресей, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Ауғанстан күштік құрылымдары септескен.
Тәжік билігі Ирак пен Сирияға соғысуға мыңнан астам азаматының кеткенін айтады. Оның 75-і елге оралып, үш жүзі қаза болған деген дерек бар.