Депутат паралимпиада мен олимпиада жүлдегерлеріне тең сыйақы беруді ұсынды

Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бүгін пленарлық отырыста олимпиада мен паралимпиада ойындарының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы көлемін теңестіруді ұсынды. Депутат өз ұсынысын премьер-министр Бақытжан Сағынтаевақа айтты.

"Бүкіл әлемде мүмкіндіге шектеулі жандардың спорттағы жетістіктері қарапайыv cпортшылардың жетістігіне қарағанда жоғары бағаланады. Себебі мүмкіндігі шектеулі спортшылар қарсыласын басып озудан бұрын өзінің сырқатын жеңу үшін біраз қиындықтардан өтуі тиіс. Қазіргі спортта спортшыларды ынталандыру үшін қомақты қаржы салу керек. Қазақстанда олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға сыйақы ретінде 250 мың доллар белгіленген. Ал мүмкіндігі шектеулі спортшылардың олимпиада ойындарында чемпион болса 50 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Яғни, ол дені сау спортшыларға берілетін сыйақыдан бес есеге аз болып тұр. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарға қатысып, батылдығы мен ерлігін көрсете отырып, шынын айтқанда олардың еңбегі өздерінің отанында бағаланбай қалады" деді Перуашев.

Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан жалпы есепте 58-орын алды. Зүлфия Ғабидуллина 100 метрге еркін әдіспен жүзуде алтын, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медал иеленді.