Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили тағы бір айып бойынша кінәлі деп танылып, алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Тбилиси соты 2005 жылы Мерабишвилидің арнайы тапсырмасы бойынша депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жыққаны дәлелденді деген байлам жасаған. Осы іске қатысты бұрынғы ішкі істер министрі Георгий Сирадзе мен қылмыстық істер жөніндегі полиция басшысы Эракле Кодуа да айыпты деп танылып, екеуі сырттай тоғыз жылға сотталды.
Грузияда 2003 жылғы «раушан революциясы» кезінде негізгі тұлғалардың бірі болған 48 жастағы Вано Мерабишвили бұдан екі жыл бұрын бірнеше айып бойынша ұзақ мерзімге сотталған. Оған «қызмет бабын теріс пайдаланған» және «электоратты сатып алған» деген айыптар тағылған. Осы іске қатысты елдің бұрынғы президенті, қазір Украинаның Одесса облысын басқаратын Михаил Саакишвилиге де айып тағылған.
Мерабишвили мен Саакашвилидің жақтастары олардың үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп санайды және оны Грузияның қазіргі билігінің саяси қарсыластарынан «кек қайтаруы» деп атайды. Маусымда Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Мерабишвилиді тұтқындауды ішінара заңсыз деп таныған.