Сот Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаевтың адвокатының 52 куәгерден жауап алу туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады деп хабарлайды ҚазТАГ ақпарат агенттігі. Адвокат Андрей Петров бейсенбідегі сот отырысында тағы қосымша 52 куәгерден жауап алу туралы өтініш білдірген. Бірақ прокурорлар «тергеу кезінде жеткілікті жауап алынған» деген уәжбен адвокаттың өтінішін қанағаттандыруға қарсы болған.
«Адвокат Петров ұсынған тізімідегі куәгерлерді толық зерттегенде, біз өткен жолы қабылдамай тастаған төрт куәгерді осы жолы қайта ұсынғаны анықталды. Оның үстіне, куәгер Қоржынбаевтан онлайн-байланыс арқылы жауап алғанбыз. Қалған куәгерлер негізінен тілшілер, журналистер. Адвокаттың өтініші қанағаттандырылмайды» деген жұма күнгі сот отырысында Есіл аудандық 2-сотының судьясы Ақболат Құрмантаевтың айтқан сөзін келтірген ҚазТАГ.
Бұған дейін сот Матаевтың тағы бір адвокаты Мәдина Бакиеваның қылмыстық іс бойынша арасында байланыс комитеті шенеуніктері мен қазақстандық телекомуникация компаниясы жетекшілері бар 152 куәгерді шақыру туралы берген өтінішін қанағаттандырмай тастаған.
Бұған дейін адвокат Андрей Петров бейсенбі күні кейбір жергілікті баспасөз құралдарының «Матаевтың салық төлеуден жалтарғанын сотта мойындағаны» жайлы таратқан хабарларын шындыққа сай емес деп атаған.
Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсеттің үстінен коррупциялық қылмысқа қатысты қозғалған іс бойынша сот процесі 23 тамызда Астанада басталған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады.