Президент Обама Сауд Арабиясына талап туралы заңға вето қойды

АҚШ президенті Барак Обама 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылы құрбандарын еске алып тұр. Вашингтон, 11 қыркүйек 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама жұма күні бұған дейін Конгресс қабылдаған, 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылы құрбандарының отбасыларына өзге елдердің, мысалы, Сауд Арабиясының үкіметі мен азаматтарына қарсы талап-арыз түсіруге мүмкіндік беретін заң жобасына вето қойды.

Обаманың сөзінше, бұл заң жобасы исламшыл топтарға қарсы күрес бойынша шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты бұзады. Заңды жақтап дауыс берген Конгресс мүшелері президент ветосын еңсеретіндерін мәлімдеген. Ол үшін өкілдер палатасы мен сенат мүшелерінің кемінде үштен екісі президент ветосына қарсы дауыс беруі қажет. Заңға қазіргі уақытта АҚШ президенті сайлауына демократиялық партия атынан түсіп жатқан бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллиари Клинтон да қолдау білдірген.

Егер бұл заң жобасы қабылданатын болса, онда АҚШ өз территориясындағы өзге елдердің банктегі шоттары мен активтеріне арест салуға құзырлы болмақ. Ал 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылы құрбандарының отбасылары Сауд Арабиясына қарсы талап-арыз беру құқығына ие болады. Он бес жыл бұрынғы шабуылға қатысқан 19 адамның 15-сі – Сауд Арабиясы азаматтары болған.

Сауд Арабиясы билігі егер даулы заң жобасы қабылданатын болса, онда өз иелігіндегі АҚШ активтерін түгелдей сатып жіберетінін ескерткен.