Сирияда бүгін Асад армиясы оппозицияға тағы шабуылдады

Алеппо қаласының қазіргі көрінісі. Сирия, 23 қыркүйек 2016 жыл.

Сирияда қарулы оппозиция бақылауындағы аудандарға үкімет күштері тағы да соққы берді деп хабарлады бүгін Reuters. Әуе шабуылы туралы ақпаратты адам құқығының сақталуына мониторинг жүргізумен айналысатын сириялық орталық растаған.

Сенбі күні Алеппо қаласының шығыс бөлігіне жасалған шабуыл салдарынан ғимараттар жаппай қираған. Құқыққорғаушылардың деректері бойынша, жұмадан бері әуе шабуылынан үлкен-кішісі бар жиыны 50-ге жуық адам опат болған. Бұған дейін Алеппо ауруханасы басшысы минометтен атқылау салдарынан 90-нан аса адамның өлгені туралы хабарлаған еді.

Қыркүйектің 22-і күні үкімет әскері қаланың оппозиция бақылауындағы аудандарына шабуыл бастағаны туралы мәлімдеген. АҚШ пен Ресейдің арағайындығымен жасалған бітім туралы келісім Алеппоға гуманитарлық жүк апара жатқан автокеруенге жасалған шабуылдан кейін бұзылған. Америкалық әскерилер шабуылға ресейлік әуе күштерін айыптаған. Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген.