Сот шешімімен үйлерінен шығарылғалы отырған «Махаббат» тұрғын үй кешенінің және Пригородный елді-мекеніндегі жатақхананың тұрғындары парламент мәжілісінің депутаты, бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиевамен кездесті. Уәкілге шағымдану дүйсенбіге жоспарланған еді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «Алтын орда» бизнес орталығында өткен бір жарым сағаттық кездесуге ондаған адам балаларымен келді. Зағипа Балиева алдымен екі жақтың пікірін тыңдады. Тұрғындар сот шешімімен баспаналарынан шығарылмақ екенін, соның кесірінен балаларының құқы бұзылып жатқанын жеткізді.
Балиева сөзінде тұрғындарға заң жолымен ғана көмектесе алатынын, өзінің «сиқыршы емес» екенін атап өтті.
Сонымен бірге, Зағипа Балиева тұрғындардан құжатпен бекітілген өз атына жазылған арыздарды қарап шығып, тиісті органдарға жөнелтетінін білдірді.
Тұрғындар қыркүйектің 23-і күні білім және ғылым министрлігіне қарасты балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдерімен жолығып, өздерімен бірге балаларының да құқы бұзылып жатқанын айтқан.
«Махаббат» кешені 2012 жылдан бері, ал қала іргесіндегі Пригородный елді мекеніндегі жатақхана тұрғындары баспана дауына биылдан бастап іліккен.