Орыс православие шіркеуінің басшысы, патриарх Кирилл жасанды түсікке мүлдем тыйым салуға шақыратын петицияға қол қойды. Ол түсікке тыйым салу кампаниясын бастап жүргендермен кездесіп, Ресей президенті Владимир Путинге жіберілетін үндеуді мақұлдаған. Патриархтың бұл қадамы жасанды түсікке қатысты шіркеу ұстанымының қатайғанын білдіруі мүмкін.
Бұған дейін шіркеу мемлекет төлейтін, медициналық анықтамасыз жасалатын түсікке тыйым салуға шақырған. Шіркеу мәлімдемесінде "балаларды туғанға дейін заңды жолмен өлтіруді" доғаруға шақыратын петиция мәтінін шіркеудің отбасы және ана мен баланы қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясы мақұлдағаны айтылады.
Петицияда оны қолдаған азаматтардың "заңға хирургиялық жолмен және дәрі-дәрмектер арқылы түсік жасатуға және түсік тастауға әсер ететін дәрі-дәрмектерге тыйым салатын өзгерістер енгізуді талап ететіні" айтылған.
Мамыр айында Кирилл түсікті "жыл сайын миллионнан астам отандасымыздың өмірін жалмайтын нағыз ұлттық апат" деп атаған. Петицияға ендігі 300 мыңнан астам адам қол қойған. Петицияны ұйымдастырушылар бір миллион қол жинауды көздейді.