Рыпакова Пекин олимпиадасының қола медалін алады

Ольга Рыпакова Рио олимпиадасында.

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға 2008 жылғы Пекин олимпиадасының қола медалі тапсырылады. Бұл туралы бүгін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) ресми түрде хабарлады.

Рыпакова Пекин олимпиадасында үш қарғып секіру секторында төртінші орын алған. Ал қола жүлдені грекиялық Хрисопия Деветци иеленген. IAAF Деветцидің допинг сынамасын қайта тексергенде допинг табылғанын мәлімдеп, ресми хаттамада Рыпакованы үшінші орынға шығарды.

Рыпакова үш қарғып секіруден 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын, биыл Рио олимпиадасында қола медаль алған.

Қазақстан 2008 жылы өткен Пекин олимпиадасында 2 алтын, 4 күміс, 7 қола алған. Бірақ Пекин ойындарына қатысқан спортшылардың допинг сынамасын қайта тексергенде үш қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің (алтын), Ирина Некрасованың (күміс), Мария Грабовецкаяның (қола) сынамасынан допинг табылғаны хабарланған.

Халықаралық олимпиада комитеті бұл спортшылардың медалін қайтарып алу немесе қалдыру туралы шешімді әлі қабылдаған жоқ.