Ардагерлерге арналған жеңілдіктерді тану келісіміне өзгерістер мақұлданды

Парламент сенаты, Астана (Көрнекі сурет)

Парламент сенаты бүгін "Ұлы отан соғысына қатысқандар мен мүгедектеріне, өзге мемлекеттер территориясындағы әскери қақтығыстарға қатысқандарға, мерт болған әскери қызметкерлердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы" келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттаманы мақұлдады.

Хаттамада ТМД елдерінің бірқатарында кейбір жеңілдіктердің ақшалай төлемдермен ауыстырылғаны ескерілген. Келісімге қол қойған мемлекет территориясына уақытша барған өзге ел ардагерлеріне арналған жеңілдіктер тізімі де нақтыланған.

Бұған дейін хаттаманы мәжілісте таныстырған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, келісім советтік жеңілдіктер мен кепілдіктер жүйесіне негізделіп жасалғандықтан, оған өзгерістер енгізу қажет. Оның үстіне, қазір ТМД елдерінің әрқайсысында әлеуметтік-экономикалық салада өзінің жеке заңдары қабылданып, әлеуметтік саясаттың өзгеше моделі жасалған.

Тамара Дүйсенованың сөзінше, 1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта Украина ССР-і, Беларусь ССР-і Литва ССР-і, Латвия ССР-і және Эстония ССР-і территорияларындағы "заңсыз құрылымдар мен топтарды" жою әскери операцияларына қатысқандарды да келісім бойынша жеңілдіктер мен кепілдіктер көрсетілетіндер тізіміне енгізу қаралған.

Бұрын СССР құрамында болған мемлекеттерде «Ұлы Отан соғысы» деп Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік Германияның Совет Одағына (СССР) жасаған шабуылын атайды.

Келісімді 1994 жылы 15 сәуірде ТМД-ның 12 мемлекеті, оның ішінде Қазақстанда қабылдаған. Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттама 2015 жылы 30 қазанда Душанбеде жасалған.