Алматы облысындағы "Достық" станциясы полициясының бастығы мен оның орынбасары коррупция күдігімен ұсталды. Коррупцияға қарсы іс-қимыл қызметінің хабарлауынша, ішкі істер министрлігі көліктегі ішкі істер басқармасы "Достық" станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, подполковник Т.Құйқабаев пен оның орынбасары, подполковник Д.Мәдибаев ұсталған.
Коррупцияға қарсы қызметтің ақпаратына қарағанда, күдіктілер "жүкті кедергісіз тиеу үшін" пара алу кезінде ұсталған. Олардың қашан ұсталғаны айтылмайды.
Күдіктілер Сарқан аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жабылған.
Алматы облысында Қытайға жолаушы мен жүк тасымалдайтын пойыздар өтетін негізгі екі теміржол бекеті бар, олардың бірі - "Достық - Алашанькоу".