Украина дипломаты: MH17 есебі апатқа Ресейдің қатысы барын көрсетті

Халықаралық тергеу тобының өкілдері Украина шығысында 2014 жылы шілдеде құлаған малайзиялық ұшақ апатын тергеу қорытындысын таныстырып тұр. Нидерланды, 28 қыркүйек 2016 жыл.

Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді уәкілі Юрий Лазебник халықаралық тергеу тобының Мазайлия ұшағының 2014 жылы шілдеде Донбаста апатқа ұшырауына байланысты жүргізген тергеуінің алдын ала нәтижелері "Ресейдің ұшақ апатына тікелей қатысы барын" көрсетті деп мәлімдеді.

"Нидерланд көліктегі қауіпсіздік кеңесінің өткен жылы қазанда жариялаған техникалық есебінің тұжырымдары расталды. Яғни, ұшақ ресейлік "Бук" зенит-зымыран кешенінен атылған зымыран жарылысынан құлағаны расталды" делінген Украинаның Қазақстандағы елшілігінің бүгін таратқан Лазебниктің комментариінде.

Ұшақ апатын тергеген халықаралық тергеу тобы Boeing ұшағын атып түсірген "Бук" кешені Украинаның Донецк облысына Ресейден әкелінген, ал ұшаққа зымыран сепаратистердің өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы территориясынан ұшырылған деген қорытынды жасаған.

Нидерланд прокуратурасы басқарған халықаралық тергеу тобы 28 қыркүйекте жариялаған есебінде мыңдаған айғаққа - суреттер, куілердің айтқандары, әшкере болған телефондағы әңгімелерге сүйенген.

Лазебниктің комментариінде сонымен қатар тергеу қорытындысы Ресей билігінің Boeing-ті "украиналық жойғыш ұшақ атып түсірді" деген мәлімдемесін терістейтіні айтылады.

Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан Boeing апатынан бортта болған 298 адамның барлығы қаза тапты. Құрбандардың көпшілігі - Нидерланд азаматтары.