Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists - CPJ) ұйымы ресми Астананы Қазақстан журналистер одағы төрағасы, Ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ тәуелсіз ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевқа тағылған айыптарды дереу алып тастауға шақырды.
Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары жөніндегі үйлестірушісі Нина Огнянова «әкелі-балалы тәуелсіз журналистерді ұстап, оларға таққан айыптары Қазақстан үкіметінің өзін масқараға қалдырады» деген.
«Матаевтардың шығарған өнімдері Қазақстанда балама жаңалық пен ақпарат үшін аса қажетті платформаны қамтамасыз етіп келді. Біз билікті бұл істі доғарып, Сейітқазы мен Әсет Матаевтарды дереу босатуға шақырамыз» делінген мәлімдемеде.
Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Тергеу орындары оларға «бірнеше жүз миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген айыптар таққан. Тамыздың 23-інде басталған сот процесі барысында Матаевтар өздеріне қысым жасалып жатқанын мәлімдеп, тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Прокурор судьядан Сейітқазы Матаевты «қаржы жымқырды және салықтан жалтарды» деген айыппен 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты «қаржы жымқырды» деген айыппен 6 жылға соттауды сұраған.
Әкелі-балалы Матаевтардың сот үкімі қазанның 3-інде оқылмақ.
Еуропа парламенті Қазақстандағы сөз бостандығы туралы наурыздағы қарарында тәуелсіз басылымдарға жасалып жатқан қысымға алаңдаушылық білдіріп, Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қарсы сот қудалауын тоқтатуға шақырған.