Алматы облысында бір аптада екінші сарбаз көз жұмды

Қазақстан әскері (Көрнекі сурет).

Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде қатардағы сарбаз Вербицкий "өз-өзіне қол салды" деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік ақпаратына қарағанда, оқиға 2 қазан күні, Вербицкий "саябақта әскерге өзімен бірге шақырылған сарбаздармен қарауылдап жүргенде" болғанын айтады. Ведомство оқиға орнынан марқұмның "өлім алдындағы хаты табылғанын, онда сарбаздың "өліміне ешкімді кінәламайтыны" жазылғанын айтады.

Вербицкий әскерге 2016 жылдың мамыр айында шақырылған. Қазір оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу бастаған.

Алматы облысында әскери бөлімдерде соңғы бір аптада осымен екінші сарбаз қаза тауып отыр. 28 қыркүйекте министрлік 32363 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген Н.Оразғалиев есімді сарбаздың мерт болғанын хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, сарбаз бөлім командирі Ж.Рамадинмен "ерегісіп", бетіне тиген соққыдан естен танып, ауруханаға алып бара жатқанда жан тапсырған.