Қазақстанда жыл басынан бері инфляция деңгейі 5,6 пайызды құрады деп хабарлады ұлттық экономика министрлігі. Ресми ақпаратқа қарағанда, соңғы 9 айда азық-түлік тауарларының бағасы - 5 пайызға, азық-түлік емес тауарлар бағасы - 6,8 пайызға, ақылы қызметтер - 5,3 пайызға қымбаттаған.
2015 жылдың желтоқсанынан бері жарма бағасы - 32,5 пайызға, шай - 25,8 пайызға, қант - 22,4 пайызға, нан - 16,1 пайызға, кондитерлік өнімдер мен өсімдік майы 11 пайызға қымбаттаған делінген министрлік баспасөз қызметінің ақпаратында.
Денсаулық сақтау қызметтерінің бағалары - 8 пайызға, білім беру қызметі 6 пайызға қымбаттаған. Алыс қашықтыққа арналған теміржол билеттерінің құны - 12,5 пайызға, әуе тасымалы билеттерінің құны - 11,8 пайызға, қала ішілік қоғамдық көліктердегі тасымал бағасы 8,4 пайызға өскен.
Фармацевтикалық өнімдердің бағалары - 14,4 пайызға, дизель отыны - 27,3 пайызға, баллондағы сығымдалған газ бағасы 17,5 пайызға артқан.