Астанада "Жағалау-3" кешенінің үлескерлері қарсылық акциясын өткізді

Астанада үлескерлер салынып бітпеген тұрғын үй кешенінің жанында тұр (Көрнекі сурет).

Астанада салынып бітпеген "Жағалау-3" тұрғын үй кешенінің оннан астам үлескері бүгін қарсылық акциясын өткізді. Үлескерлердің айтуына қарағанда, құрылысты салатын ASI компаниясының өкілі пәтерлерді пайдалануға тапсыратыны туралы осыдан бес-алты жыл бұрын уәде берген. Үлескерлер мердігер компания салып жатқан үйлердің жанына жиналды.

Наразылар қолдарына "Репутация Котлярова" деген жазуы бар плакатты ұстап, бірнеше минут тұрды. Бұдан соң олар ол плакатты жерге тастай салып, оған өздерімен бірге пластмасс ыдысқа құйып әкелген суды төкті. Азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның айтуына қарағанда, үлескерлер құрылысты салушының "беделінен жұрдай болғанын" осылайша білдірмек болған.

Үлескерлер өздерін Котляров ендігі пайдалануға берген үйлердегі пәтерлерге кіргізуді талап етеді. Олар құрылысқа ақша салғандар арасында үйін сатып, қазір пәтер жалдап тұратындар, үй сатып алуға банктен алған несиесін төлеп жатқандар да барын айтады.

Наразылық акциясы жарты сағатқа созылды. Астанада жаңбыр басталғандықтан үлескерлер тарап кетті.

Астанада үлескерлер ақша салған, бірақ бірнеше жыл бұрын пайдалануға тиіс болған ондаған үй бар. Құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді пайдалануға берудің кешігуін әдеттегідей "қаржылық қиындық пен экономикалық дағдарыспен" байланыстырады.