Ресейде Борис Немцовты еске алу акциялары өтіп жатыр

Оппозициялық саясаткер Борис Немцов наразылық акциясында. Мәскеу, 4 ақпан 2012 жыл.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов тірі болғанда бүгін 57 жасқа толар еді. Мәскеуде саясаткер қастандықпен өлтірілген көпір мен Троекуровск зиратындағы қабіріне ондаған адам гүл апарып қойып жатыр.

Немцовты еске алу акциясы Нижний Новгород қаласында да өтті. Ресейдің тағы бірнеше қаласында оппозиционер туралы деректі фильмдер көрсетіліп жатыр. Берлинде бүгін Борис Немцов қоры ұйымдастырған екі күндік форум ашылады.

Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Кремльге жақын жерде атып өлтірілді. Бұл іс бойынша Заур Дадаев, Шадид және Анзор Губашевтер, Темірлан Эскерханов пен Хамзат Бахаев ұсталған. Тергеушілер қылмысты ұйымдастырушы ретінде Шешенстан ішкі істер министрлігінің «Север» батальонының бұрынға офицері Руслан Мухудиновты атайды. Ал саясаткерді өлтіруге тапсырыс бергендер –«аты-жөні анықталмаған» белгісіз біреулер делінеді.

Борис Немцовтың отбасы мүшелері мер серіктері тергеу барысына наразылық білдірген. Олар қылмыстық іс бойынша Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтан жауап алуды және істі «Мемлекеттік немесе қоғам қайраткерінің өміріне қастандық жасау» бабы бойынша қарауды талап еткен.