Польша премьері: ЕО-да құрылымдық реформа жүргізу керек

Беата Шидло, Польша премьер-министрі.

Польша премьер-министрі Беата Шидло Еуропа Одағының (ЕО) басшылығын одақта құрылымдық реформа жүргізуге шақырды. Шидло TVP телеарнасына берген сұхбатында қазіргідей жүйеде жұмыс істеп тұрған ЕО дами алмайтынын мәлімдеді.

Польша үкіметінің басшысы ЕО-ның басты келісімдерін өзгертуге шақырды. Оның айтуына қарағанда, ЕО-да өзгерісті жақтайтындар саны артып келеді.

Варшава мен Брюссельдің қарым-қатынасы Польша ЕО-ның міндетті квотасы бойынша Таяу Шығыс пен Африкадан шыққан босқындарды қабылдаудан бас тартқан соң шиеленісе түскен. Польша билігі Брюссельді қысым жасайды деп айыптайды. ЕО Польшаны мигранттарды қабылдап отырған өзге еуропалық елдермен тілектес емес дейді.