Астананың Есіл аудандық 2-сотында бүгін Lux Development фирмасының өзінің 27 үлескеріне қарсы шағымы бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Фирма бұған дейін үлескерлерімен келісім шартты бір жақты түрде бұзу туралы шағым түсірген. Шағымда үлескерлердің төрт жақты жаңа келісім шартқа қол қоюдан бас тартып, "келісімде қаралған міндеттемелерді орындаудың мүмкін еместігі" айтылған. Luxe Development өкілдері сотта құрылысты жанжандыру үшін жаңа келісім шарт жасауды ұсынғанын, "бірақ үлескерлер одан бас тартып, құрылысты жандандыруға кедергі келтіргенін" айтты. .
Сотқа шағымданушы жақтан фирма өкілдері Анастасия Фай, Олжас Куликов және Роза Сұлтанова, жауапкер тараптан 20 шақты үлескер қатысты. Үлескерлердің айтуына қарағанда, Lux Development Керей-Жәнібек және Орынбор көшелерінің қиылысындағы келісім-шарт бойынша өздеріне тиесілі "Айсанам de luxe" тұрғын үй кешенін 2015 жылдың желтоқсанына дейін салып, пайдалануға беруі тиіс болған. Бірақ үй әлі аяқталмай, Lux Development басшысы Исламмәди Жұмақановтың үстінен "қаржы жымқыру" бабы бойынша іс қозғалған.
Үлескерлер Luxe Development активтерін "Орда Инжиниринг" компаниясына өткізіп жібергенін, "жаңа келісімнің шарттары толық жазылмағанын" айтты. Үлескерлер "Орда Инжиниринг" компаниясының "құрылыс жүргізуге лицензиясы, жұмыс жоспары да жоғын", "құрылысқа жауапкершілікті ешкім мойнына алмайтынын" айтты.
Судья Башенова сотқа қала әкімдігіндегі үлескерлер мен құрылыс компаниялары арасындағы қарым-қатынасқа қатысты ведомствоаралық комиссия өкілі - Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошунды куәгер ретінде шақыру қажетін айтты. Оған екі тарап та қарсы емесін білдірді.
Сот тыңдауы 20 қазанға белгіленді.