Алматыдағы қарулы шабуылға қатысты іс сотқа жіберілді

Алматыда полиция қарулы шабуыл жасады деген күдіктіні ұстап жатыр. 18 шілде 2016 жыл.

Алматыда 18 шілдедегі қарулы шабуылға қатысты тергеу аяқталып, күдікті Руслан Күлекбаевтың ісі сотқа берілді. Алматы қалалық прокуратурасының хабарлауынша, Күлекбаевқа теракт жасады және кісі өлтіруге оқталды деген айыптар тағылған.

Күлекбаевпен бірге Р.Лю, Ж.Сапарбеков, Д.Әсембекұлы, Е.Құсайынов және Н.Әбдімомынға да атыс қаруын жасап, заңсыз сақтап, алып жүрді және М есімді кәсіпкерге Күлекбаевпен бірге қарақшылық шабуыл жасады деген айыптар тағылған.

Тергеу аясында 57 сот сараптамасы жасалып, 200-ден астам куәгер сұралған. 60 томнан асатын іс материалдары 12 қазанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

18 шілдеде Алматыда полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан сегіз адам қаза тапқан. Олардың алтауы - полиция қызметкері. Шабуыл кезінде және одан соң көшеде қарудан оқ атылып, әуелде үш полицей мен шекара қызметінің бір сарбазы және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Жараланған үш полицей ауруханада көз жұмған.