Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық жағдайы "кәдімгідей жақсарды" деп мәлімдеді бүгін оның үлкен қызы Дариға Назарбаева. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Назарбаева журналистердің "Президент өзін қалай сезінеді?" деген сауалына "Қазір біршама жақсы" деп жауап берген.
11 қазанда Ақорда президент Назарбаевтың "суық тиіп, сырқаттанып қалғанын" және "емделіп жатқанын" хабарлаған. Дариға Назарбаева содан бері әкесінің денсаулығына қатысты бірінші рет жұрт алдында комментарий беріп отыр.
Президент Назарбаевтың сырқаттанып, ем қабылдап жатқаны туралы ақпарат президенттің ресми сайтында бұрын жарияланбаған.
Кеше президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев Назарбаев осы аптаның соңына дейін халықаралық кездесулер мен шараларға қатыспайтынын хабарлаған. Ол Арменияда өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы жиындарға Қазақстан премьер-миинстрі қатысатынын айтқан. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, президенттің "жалпы денсаулық жағдайы жақсы" және бұдан ары әдеттегі жұмыс кестесі бойынша қызметіне кіріседі.