Назарбаева қарағандылық мұғалімнің ісін қайта тексеруді сұрады

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаева Қарағандыда сотталған мұғалім жайлы айтты. Астана, 13 қазан 2016 жыл.

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бас прокурор Жақып Асановтан қарағандылық физика пәнінің мұғалімі Юрий Пактің ісі бойынша фактілер мен дәлелдерді қайта тексертуді сұрады.

"Интернетте, әлеуметтік желілер мен баспасөзде де қарама-қайшы ақпарат өте көп болғандықтан бас прокурордан істің барлық материалын қайта тексеруді сұрадым. Енді бас прокуратурадан жауап күтеміз. Бұл жерде кім дұрыс, кім дұрыс емесіне біз төрелік айта алмаймыз, себебі істің барлық материалын егжей-тегжейлі білмейміз. Сондықтан осындай өтінішпен хат жолданды" деді Дариға Назарбаева бүгін Астанада журналистермен әңгімесінде.

3 қазанда Қарағанды соты жергілікті мектеп оқытушысы Юрий Пакті "терроризм актісі туралы жалған ақпар берді" деген айыппен екі жылға соттаған. Тергеу ұйғарымынша, Юрий Пак 2015 жылы полицияға телефон соғып, Орталық әмбебап дүкенге бомба қоймақ ниетін хабарлаған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, сол күні ғимараттан 3 мың адам эвакуацияланған.

Юрий Пак тергеу басталғалы бері және сотта мектептегі кабинетте аз уақытқа қалып қойған сөмкесіндегі телефонын әлдебіреу «бұзып», қашықтан қоңырау шалған болуы мүмкін деп, айыпты терістеп келген. Оның бұл ұйғарымын куәгерлер де растап, мұғалімнің ол уақытта кабинетте жұмыс орнында болғанын айтқан. Ал сотта жарияланған аудиожазбада қоңырау шалған ер адам, ар жақтан естілген шуға қарағанда, көшеде тұрып сөйлескен болуы мүмкін.

Юрий Пактің сотталуына жақтастары, оқушылары мен олардың ата-аналары қарсылық білдіріп, қоғамның назары ауды. Өткен аптада жақтастары мұғалімнің ісін қайта қарауды сұрап, интернетте петиция жариялаған. Петицияға 5 мыңнан астам адам қол қойды.