Сирия-Түркия шекарасындағы Баб әл-Салам шекара бекеті маңында көлікке жасырылған бомба жарылып, кем дегенде 17 адам қаза тапты. Куәгерлер мен Syrian Observatory for Human Rights ұйымының хабарлауына қарағанда, мерт болғандардың көпшілігі - сириялық көтерілісшілер.
Жарылыс 13 қазан күні кешке Баб әл-Саламнан екі километр қашықтықтағы Сирия ерікті армиясының бақылау-өткізу бекетінде болған. Жарылыстан кем дегенде 25 адам жараланып, олардың сегізі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Бұл шекара бекетіне жақын Түркия мен Батыс елдері қолдайтын көтерілісшілердің басты тірегі саналатын Азаз қаласы орналасқан.
Бұл шабуылдан бір апта бұрын "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының күдікті содыры түркия-сирия шекарасындағы Атма бекетінде өзін-өзі жарып жіберген. Ол кезде 25 адам қаза тапқан. Шабуыл Түркия қолдайтын, Анкараның ИМ содырларын Сирияның солтүстік аудандарынан тықсырып тастау кампаниясына қатысы жатқан көтерілісшілерге қарсы жасалған.