Атырауда белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстінен өтіп жатқан сот процесінде жауап беруі тиіс болған куәгер Владимир Волков бүгін жауап бермейтін болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Белсенділер ісінде "жер дауына қатысты митингілерге ақша берді" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен оның қаржыгері Владимир Волковтан жауап алу кеше басталған еді. Әуелі Төлешов жауап беріп, содан кейін Волков жауап бере бастаған. Бірақ сот отырысының соңына қарай Макс Боқаев "денсаулығы күрт нашарлағанын" айтып, "Волковтан жауап алуды ертеңге қалдыруды" сұраған. Судья Гүлнар Дәулешова куәгерді күнде шақыра алмайтынын айтқанымен, Боқаевтың денсаулығына байланысты шағымынан соң Волковтан жауап алу бүгін сағат 10-да жалғасатынын хабарлаған.
Судья Дәулешова Волковтың Астанадағы басқа бір іс бойынша сотқа қатысуы тиіс екенін айтып, енді басқа бір куәгерден жауап алынатыны хабарлады. Бірақ монитордағы дыбыстың нашарлығынан куәгердің аты-жөнін есту мүмкін болмады.
Кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен жауап кеше алынды. Жауап беру барысында ол куәліктерін бірнеше рет өзгертті. Мәселен, «халық толқулары болса деп ойладым», «митингілер туралы ойладым» деген сөздерінен бас тартты.