Ресей Алеппоны бомбалау уақытша тоқтағанын мәлімдеді

Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы аудандарына берілген әуе соққыларынан кейінгі құтқару жұмыстары. Сирия, 17 қазан 2016 жыл.

Мәскеу Ресей мен Сирия әуе күштері Алеппоны бомбалауын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бүгін бейбіт тұрғындар мен содырлардың қаладан шығып кетуіне мүмкіндік беру үшін бомбалау жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да тоқтатылғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымы "түн ортасынан ауа ресейлік әскери ұшақтар Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы аудандарына әуе соққыларын жасағанын" мәлімдеген.

Кеше Ресей 20 қазаннан бастап Алеппода қаланың шығыс аудандарынан бейбіт тұрғындар мен көтерілісшілердің қауіпсіз түрде шығып кетуі үшін әскери операцияларын 8 сағатқа тоқтататынын мәлімдеген.

БҰҰ Ресейдің бұл мәлімдемесін құптай тұрып, уақытша үзіліс қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға немесе гуманитарлық жүк жеткізуге жеткіліксіз екенін ескерткен. АҚШ Ресей ұсынған сегіз сағаттық үзілісті "аса ұзаққа созылмайтын және біршама кешігіп жасалған" деп атады.