Обама: Мосулда содырлардың жеңілетініне сенемін

Мосулдың оңтүстік бөлігінде тұрған Ирак әскері. 18 қазан 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Ирактың "Ислам мемлекеті" ұйымының бақылауындағы Мосул қаласы үшін шайқас "қиынға соғатынын", бірақ Ирак әскері содырларды жеңетініне сенетінін мәлімдеді.

Мосул қаласын азат ету операциясы АҚШ әскери-әуе күштерінің қолдауымен 17 қазанда басталған. 18 қазанда Ақ үйде сөйлеген Обама "Мосулды азат ету операциясының басталуы - алға қарай жасалған тағы бір үлкен қадам" деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Мосулды 2014 жылы басып алған содырлар "күйрей жеңіледі".

Бұған дейін Ирак әскери басшылығы Мосулдың оңтүстігі мен шығысында үкімет әскері мен күрд жасақтары шабуылдап, содырларды тықсыра түскенін хабарлаған. Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади сүнниттер басым тұратын Мосулға "Ирак армиясы мен полициясы ғана кіретінін" мәлімдеген.