Аян мен Боқаев сотында бүгін әкімдік шенеуніктерінен жауап алынбақ

Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты бүгін Атыраудағы №2 тергеу абақтысынан сот залына тыңдаудың басталуына бірнеше минут қалғанда жеткізді. Бүгінгі сотта куәлер Атырау облысы мен қаласының бәрнеше шенеунігі, оның ішінде облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан Нақпаев және Атыраудың бұрынғы әкімі Нұрлыбек Ожаев, бұрынғы шенеунік Ғалымбек Хасанов жауап беруі тиіс. Олар сот залына келіп жауап береді деп күтіліп отыр.

Азаттық тілшісі бүгін сот тыңдауы басталғанға дейін сот залынан бірнеше минут тікелей трансляция жасады.

Судья қысқа уақыттық үзіліс жарияламастан бұрын прокурордың сотталушылардың адвокаттарына сотқа келмегені үшін ескерту жасау туралы өтінішін қабылдамай тастады. Судья сотталушылардың сотқа бірнеше минут бұрын ғана жеткізілгенін және адвокаттардың қорғауындағы адамдармен сот басталғанға дейін сөйлесіп алуға хақы барын айтты.

Кешегі сотта қамаудағы азаматтық белсенді Ринат Кибраевтан және Марлан Есілбаевтан Алматыдан видео конференция арқылы жауап алынған. Талғат Аян Кибраев пен Есілбаевтан жауап алу процесіне қатысудан бас тартты. Макс Боқаев кеше денсаулығының нашарлауына байланысты абақтыда қалған. Куәлерден жауап алу кезінде оларға прокурорлар мен судья ғана сұрақ қойып отырды. "Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырды" деген айыппен сотталып, түрмеде отырған Кибраевтың айтуынша, Талғат Аян мамыр айында Алматыға келіп, өзіне "Қазақстандағы жер дауына қатысты қарсылық акцияларына елдің оңтүстігінде тұратын әлдебір демеушінің қаржы бөлгені туралы айтқан". Марлан Есілбаев Талғат Аян өзіне "сақтай тұр деп 50 мың АҚШ долларын бергенін", кейін ол қаржыны Шығыс Қазақстан облысындағы үйін "тінту кезінде тәркілеп алып кеткенін" айтты.

Сотталушылар мен қорғаушылар сотта куәлерден қашықтан видео конференция арқылы жауап алуға бірнеше мәрте қарсылық білдіріп, бостандығы шектелмеген негізгі куәлердің Атыраудағы сотқа келіп жауап беруін талап еткен.