Жиыннан қуылған шымкенттік белсенді қала әкіміне ашық хат жолдады

Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) мен Ибрахим Әлсерке (оң жақ шетте) тариф мәселесін талқылаған жиында отыр. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Шымкентте жылу тарифін қымбаттатуды қоғам талқылауына салуды сұраған жергілікті белсенді Сүйін Абулда қала әкімі Ғабидулла Әбдірахмановқа ашық хат жолдады.

Сүйін Абулданың Азаттыққа айтуына қарағанда, ол ашық хатында белсенділердің "қаладағы 50 тұрғын үй комитетімен сөйлескенін, олар 20-қазан күні Шымкенттегі оқушылар сарайында өткен жиынға шақырылмағандарын айтқанын" жеткізген.

Белсендінің пікірінше, "биліктің қоғамдағы әлеуметтік-саяси жағдайды реттеп отыруға арналған жиынды өз корпоративтік мүддесіне пайдалануы, халықтан жасырынып жұмыс істеуі ел арасындағы рөлінің нашарлауына және беделінің төмендеуіне әкеліп соқтырады".

- 20 қазанда жылу бағасы бойынша өткен "қоғамдық тыңдауды" ұйымдастырушыларды тиісті дәрежеде жазалап, жиынды тұрғын үй комитеттері, үкіметтік емес ұйымдарды шақырып, өз деңгейінде және шынайы форматта қайта өткізуді қамтамасыз етуді сұраймын, - дейді Сүйін Абулда.

Белсендінің хатын Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан ашылған «Фронт офис» қызмет көрсету орталығының мамандары қабылдап алды.

Шымкентте 20 қазанда жылу тарифін қымбаттатуды қоғамдық талқылауға салуды сұраған Сүйін Абулданы шенеуніктер жиыннан қуып шыққан еді.