Астана қаласы Алматы аудандық 2-сотында «Азбука жилья» құрылыс компаниясы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарау басталды.
«Азбука жилья» құрылыс компаниясының бұрынғы 10 қызметкеріне «компанияның бұрынғы басшысы Ерқанат Тайжановпен бірге үлескерлер қаржысын қолды қылды» деген айып тағылған.
Төрт жарым сағатқа жуық уақытқа созылған сот отырысына «Азбука жилья» құрылыс компаниясына алдандық деген 70-ке жуық адам да қатысты. Үлескерлердің бір тобы кейбір айыпталушылардың жазасын үйқамағынан тұтқындауға ауыстыру туралы өтініш жасады. Олар бұл өтінішін айыпталушылардың кейбірінің «компания меншігін сатып, әлі де қылмыстық істерін жалғастырып отырғанымен» түсіндірді.
Үлескерлердің тағы бір бөлігі мұндай жазамен келіспейтіндерін айтты. Олардың пікірінше, «айыпталушылар қамауға алынатын болса, құрылыс жұмыстары тоқтап қалады».
Айыпталушылар үлескерлердің екінші тобын қолдады. Олар судья Айжан Күлбаеваға «бостандықта жүріп, қателіктерімізді түзейміз» деді.
Судья қамауға алу туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Тергеу мәліметіне қарағанда, «Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов 2012-2015 жылдары үлескерлердің 42 миллион доллар қаражатын қолды қылған. Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, 2008 жылы мандатын мерзімінен бұрын тапсырған Ерқанат Тайжановқа 2015 жылы халықаралық іздеу жарияланып, оның биыл 13 мамырда Австрияда ұсталғаны хабарланған.
Үш жарым мыңдай үлескерді алдаған деген күдікке ілінген 10 адамға қатысты қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар 884 томға жеткен.
Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 25 қазанда өтпек.