БҰҰ: Сириядағы мектепке шабуылды әскери қылмыс деуге болады

Идлиб провинциясындағы мектепке жасалған әуе шабуылынан кейінгі жағдай. Сирия, 26 қазан 2016 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сирияның Идлиб провинциясындағы мектепке жасалған әуе шабуылын әскери қылмыс деп атауға болатынын мәлімдеп, шабуылды дереу тергеуге шақырды. Пан Ги Мунның мәлімдемесінде оның 26 қазанда мектепке жасалған шабуылдан 28 адам, оның арасында 22 баланың қаза тапқаны туралы хабардан "жаны түршіккені" айтылады.

"Егер шабуыл қасақана жасалса, ол әскери қылмыспен теңестірілуі тиіс" делінген мәлімдемеде. Пан Ги Мун сонымен қатар бұл шабуылды және Сириядағы бейбіт тұрғындарға осы кезге дейін жасалған басқа да шабуылдарды дереу тәуелсіз түрде тергеуге шақырады.

27 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова құқық қорғаушылар мен батыстық дипломаттардың мектепке шабуылды Ресей әскери-әуе күштері мен Сирия үкіметінің әскері жасады деген ұйғарымын жоққа шығарған. "Ресейдің бұл қайғылы оқиғаға еш қатысы жоқ" деді Захарова Мәскеуде журналистерге.