Украин депутаттары ел парламенті - Жоғарғы Рада мүшелерінің капиталы мен табысы туралы БАҚ-та жарияланған мәліметтерден соң өздерінің жалақыларын екі есеге арттыруды қарастыратын заң жобасын мақұлдаудан бас тартты. 1 қарашада депутаттардың көпшілігі 20 қазанда түскен заң жобасына қарсы дауыс берді.
Заң жобасында депутаттардың жалақысын 40 мың гривеннен астамға (1500 АҚШ долларына тең) дейін көбейту қарастырылған. Украинада орташа жалақы 200-300 долларды құрайды.
30 қазанда украин депутаттары мен үкімет шенеуніктері онлайн түріндегі салық декларациясын тапсыруды аяқтаған. БАҚ-та осы онлайн базадағы мәліметтерге сүйеніп жарияланған мәліметтерде президент Петр Порошенко мен оның "Петр Порошенко блогы" партиясы, "Солидарность" партиясындағы серіктерінің Украинадағы ең бай адамдар қатарында екені айтылады. Базадағы мәліметтерге қарағанда, олардың қомақты қаржысы мен елде миллиондаған долларға бағаланатын бірқатар жылжымайтын мүліктері бар.