БҰҰ: Мосулда жихадшылар 1600 адамды кепілге алған

2016 жылғы қазанның 31-і күні спутниктен түсірілген суретте Ирактың Мосул қаласында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қорғаныс шебі көрсетілген.

Ирактың Мосул қаласында «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары 1600 адамды кепілге алып, оларды әуе шабуылы кезінде «тірі қалқан» ретінде пайдаланып отыр. Бұл туралы жұма күні БҰҰ жаңалықтар орталығы хабарлады.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының хабарлауынша, Мосулда жихадшылар әуе шабуылынан қорғану үшін бейбіт тұрғындарды кепілде ұстап отырғаны және 400-ге жуық езид, күрд немесе мұсылман шиит әйелдерді тұтқынға алған.

Мосулдың маңындағы Каджали елді мекенінде сәрсенбі күні жихадшылар 180 адамды өлтіргені туралы ақпарат тарады. «Мосулдың өзінде террористер 200-ге жуық адамды өлтірген болуы мүмкін» делінген хабарламада.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының баспасөз хатшысы Равина Шамдасанидің айтуынша, «содырлар кепілге алған адамдарды жаппай өлтіруді жалғастырып жатыр». Сонымен бірге жихадшылар өз қатарына 9-10 жасар балаларды күштеп тартып, оларға қару беріп Мосулдағы соғысқа пайдаланып отыр дейді Шамдасани.

Жихадшылар Хаммам әл-Алил қаласы тұрғындарын жүк көліктеріне салып Таль-Афар қаласына апарған. БҰҰ жаңалықтар орталығының хабарлауынша, кейбір отбасыларына оларды Сирияға әкететіндерін айтқан.