Әлемдік биржаларда индекстер төмендей бастады

Токио қор биржасындағы индекстер көрсеткіші (Көрнекі сурет).

АҚШ президенті сайлауында республикашыл кандидат Дональд Трамптың демократ Хиллари Клинтоннан басымдығы айқындала бастағанда әлемдік қор нарықтарында индекстер мен доллар бағамы төмендей түсті.

Токио биржасында бүгін күннің алғашқы жартысында индекстер 5 пайызға дейін, Гонконг биржасында индекстер 3,3 пайызға, Сеул биржасында 2,8 пайызға төмендеді.

Уолл Стритте фьючерс индекстері 3 пайызға дейін төмендеді. АҚШ долларының йен мен еуроға қатысты бағамы да түсті. Мұнай бағасы 4 пайызға арзандап, баррелі 43,17 долларды құрады.

Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында егер президент болып сайланса АҚШ пен Мексика арасына "әдемі қамал" тұрғызуға уәде еткен еді. Осыған байланысты Мексика валютасы - песоның долларға шаққандағы бағасы да бұған дейін болмаған деңгейге дейін арзандады.

Инвесторлар Клинтон АҚШ президенті Барак Обаманың саясатын жалғастырады деп санайтындықтан қор нарықтарының көпшілігі Клинтонның жеңгенін қалайды.