Мәскеу Қырымда "украин диверсанттары" ұсталғанын хабарлады

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері (Көрнекі сурет).

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ) Украинадан аннексиялап алған Қырымда украиндық "диверсилық топтың" күдікті үш мүшесін ұстағанын хабарлады.

10 қарашада таратқан мәлімдемесінде ФСБ 9 қарашада Севастопольде "Украина қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының диверсиялық-террористік тобының мүшелері" ұсталғанын мәлімдеді.

ФСБ топтың "әскери нысандар мен қоғамдық инфрақұрылымдарға қастық әрекеттерін жасауды жоспарлағанын" және күдіктілерде "қуатты жарылғыш құрылғылары, қару-жарақтары мен оқ-дәрілері болғанын" айтады.

Украина қорғаныс министрлігі ФСБ мәлімдемесін "Ресей арнайы қызметінің жергілікті тұрғындарды қудалау шараларын ақтау және халықаралық аренада Украинаның беделін түсіру үшін қолдан жасалған кезекті айыбы" деп жоққа шығарды.

Биыл тамыздың басында Мәскеу тағы да Қырымға "украин диверсанттарының басып кіру әрекетінің" алдын алғанын айтып, Киевті Қырымда террор ұйымдастырмақ болды деп айыптаған.

Киев бұл айыптауларды "арсыздық" деп атап, Қырымға жақын аудандарына қауіпсіздік мақсатында әскер түсірген.