Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 және10 қараша күндері 18 адам астан улану белгісімен инфекциялық ауруханаға түскен. Олардың арасында кәмелетке толмаған 8 және 17 жастағы екі бала бар. Аураханаға түскендердің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Дәрігерлер оларға "асқынған гастроэнтероколит" деген диагноз қойған. Науқастардың астан уланбас бұрын Оралдың 6-шағынауданында орналасқан "Burger street+" кафесінен бургер жегені анықталды.
Орал қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың мәліметінше, басқарма мамандары тамақтану орнынан тамақтардың шайындысы мен сынамаларын зертханалық тексеруге алып, онда жұмыс істейтін қызметкерлерді тексерген.
Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидовтың Азаттыққа айтуына қарағанда, бұл оқиға бойынша "санитарлық ережелерді немесе гигиеналық талаптарды орындамай, абайсызда жаппай сырқат тудыру немесе адамдардың улануына әкеліп соқтыру" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тамақтану орнының иелерінен бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмады. Кафенің есігі жабық тұр.