Украина әскерилері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) соңғы күндері Донбаста қақтығыс күрт жиілегенін хабарлады.
Украина үкіметінің әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер қақтығысып жатқан Донбаста ұрыстың күшеюі АҚШ-тағы президент сайлауымен және Ресейдің Қырымда "зымияндық әрекеттер жасауды жоспарлаған украиналық диверсиялық топтың" күдікті үш мүшесін ұстағаны туралы хабарлауымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ресейдің Федеарлдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ) кеше 9 қарашада Севастопольде "Украина қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының диверсиялық-террористік тобының мүшелері" ұсталғанын мәлімдеген.
Украина қорғаныс министрлігі ФСБ мәлімдемесін "Ресей арнайы қызметінің жергілікті тұрғындарды қудалау шараларын ақтау және халықаралық аренада Украинаның беделін түсіру үшін қолдан жасалған кезекті айыбы" деп жоққа шығарды.
Мәскеу биыл тамыз айында да осындай мақсаттағы топтың жолын кескенін хабарлаған соң Донбаста әскери іс-қимылдар күшейген.