Киевтің Печерск аудандық соты журналист Савик Шустердің пәтері мен телестудиясына тінту жүргізуге санкция берген. Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Владимир Ивахненконың хабарлауынша, сот шешімді жабық жағдайда, Савик Шустердің адвокаттарының қатысуынсыз өткен аптада қабылдаған, бірақ ол туралы қарашаның 11-і ғана белгілі болған.
«Біздің бірнеше апта ғана уақытымыз қалды, өйткені бізге жәрдемдескісі келетіндердің барлығына билік сес көрсетеді – салық органдарына шақыртады, ірі көлемде айыппұлдар тағайындайды», - деп мәлімдеді Шустер сот қаулысы жайлы хабардар болғаннан кейін, қарашаның 11-і тікелей эфирде көрсетілген «Шустер LIVE» ток-шоуы кезінде.
Бұл хабарға Грузияның экс-президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили де қатысқан. Жұма күні ол жаңа саяси партия құратынын жариялап, Украина Жоғарғы Радасына ерте сайлауға қол жеткізу үшін күресетінін мәлімдеген. Шустердің сөзінше, Саакашвилидің отставкасы және оның Украина президенті мен оның төңірегіндегілерге қатысты айыптауларынан соң студия бағдарламасын тікелей эфирге таратып отырған 3s.tv телеарнасы оппозициялық саясаткерге мінбер ұсынған елдегі санаулы ақпарат құралдарының бірі.
2016 жылғы қарашаның 2-і күні шыққан сот қаулысында ол осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын қозғалған салықтан қасақана жалтару туралы істің аясында Киев прокуратурасының өтініш бойынша қабылданғаны айтылған. Украина қылмыстық кодексіндегі тиісті бапта аталған қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Савик Шустер Киевке Мәскеуден 2005 жылы қоныс аударған. Содан бері ол Украинаның ICTV, «Интер», «Украина», «112», «1+1» телеарналарында қоғамдық-саяси ток-шоу бағдарламаларын жүргізіп келген.