Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Атырауда сотталып жатқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды ар-ождан тұтқындары деп танитынын кеше таратқан хабарламада айтқан. Атырау сотында істері қаралып жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға заңсыз шеру ұйымдастырды, жалған ақпарат таратты және араздық қоздырды деген айыптар тағылған. Сот оларды айыпты деп таныса, әрқайсысы 10 жылға дейін бас еркіндіктерінен айырылуы мүмкін. Қос белсенді Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.
Amnesty International мәлімдемесінде Атыраудағы екі белсендінің соты Қазақстан үкіметінің халықаралық міндеттемелерін бұзатынын атап көрсеткен. Боқаев пен Аянға тағылған айыптаулардың саяси астары бар деп санайтын ұйым екі белсендіні өз ой-пікірін білдіру құқығы мен еркін жиын өткізу құқығын пайдаланғаны үшін билік тарапынан қуғынға ұшыраған ар-ұждан тұтқындары деп танитыны туралы мәлімдеген.
Amnesty International сонымен бірге Макс Боқаев пен Талғат Аянның туыстары тұтқындардың қамаудағы жағдайы мен денсаулығының нашарлап бара жатқанына байланысты алаңдап отырғанын айтқан. Халықаралық құқық қорғаушы ұйым Макс Боқаев пен Талғат Аянды қорғап наразылық акциясына шыққандарды биліктің қудалауын сынаған.