Гаага соты: АҚШ Ауғанстанда тұтқындарды азаптаған

Ауғанстандағы АҚШ әскерилері (Көрнекі сурет).

Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот прокурорлары АҚШ-тың Ауғанстанда түрмеге түскен тұтқындарды азаптап, "әскери қылмыс" жасағанына жеткілікті айғақ барын мәлімдеді.

Прокурорлардың 14 қарашада жасаған тергеу мәліметтері бойынша, АҚШ әскерилері Ауғанстанда кем дегенде 61 тұтқынды "азаптап, қатаң қарап, адами қадір-қасиетіне қол сұққан". Сонымен қатар тағы 27 адамды АҚШ орталық барлау басқармасы (немесе ЦРУ) қызметкерлері азаптаған. Есепте бұл қылмыстардың көпшілігі 2003-2004 жылдары - Джордж Буш президент болып тұрғанда жасалғаны айтылады.

АҚШ халықаралық қылмыстық сот құру туралы келісімді ратификацияламаған. Бірақ "азаптау қылмысы" ол келісімді ратификациялаған Ауғанстан, Польша, Литва және Румынияда жасалғандықтан соттың айып тағуға құзыреті бар.

Гаага сотының прокурорлары азаптау әрекеттері жекелей түрде емес, "тұтқындардан барлау мәліметтерін алу үшін бекітілген тергеу әдістері аясында жасалды" дейді. Сот "соғыс қылмысына" қатысты толық тергеу жүргізу-жүргізбеу қажеттілігін жақын уақытта анықтайтынын айтады.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында террористерден мәлімет алу үшін тергеу жүргізудегі суға тұншықтыру әдісін және басқа да көптеген "бұдан да сорақы" әдістерді қалпына келтіретінін мәлімдеген. Бұл әдістерді кезінде президент Барак Обаманың әкімшілігі қолданудан бас тартқан.

Гаагадағы халықаралық сот 2002 жылы әскери қылмыстарды, адамзатқа қарсы қылмыстар мен геноцидтерді тергеу үшін құрылған.