БҰҰ комитеті Қырымдағы адам құқығы жағдайын айыптаған қарарды қолдады

БҰҰ-дағы Қырымдағы адам құқығы жағдайын айыптаған қарарға дауыс беру.

БҰҰ Бас ассамблеясының үшінші комитеті Қырымдағы адам құқығы жағдайын айыптаған қарар қабылдады деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Құжатта Қырым тұрғындарына, оның ішінде Қырым татарлары мен украиндықтар және өзге де этникалық және діни азшылық өкілдеріне қатысты кемсітушілік пен адам құқығын аяққа таптау" айыпталады. Қарар авторлары осыған байланысты Ресейді "жөнсіз ұстап, азаптауды" тоқатуға, заңсыз сотталған украин азаматтарын босатуға, Қырым татарлары меджлисін экстремистік ұйым деп тану туралы шешімін жоюға шақырады. Құжатта Ресей билігін Қырым территориясына адам құқығы жөніндегі халықаралық бақылаушыларды және құқық қорғау ұйымдарын кіргізуге шақыратын үндеу бар.

Құжатта Ресей бірінші рет басқыншы мемлекет, ал Қырым мен Севастополь - уақытша басып алынған территориялар деп аталады.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин құжатты "шынайы емес және біржақты" деп атап, оны қабылдамауға шақырды.

Украина дайындаған қарарды 73 мемлекет қолдап, 23 мемлекет қарсы дауыс берді. 76 мемлекет қалыс қалды. Қарарды Бас ассамблея бір ай ішінде қарайды.

Ресей Қырымды 2014 жылы наурызда ресейшіл билік ұйымдастырған референдумнан соң аннексиялап алған. Украина мен халықаралық қауымдастық референдум қорытындысын мойындамайды.