Ақтөбеде мұғалімін балағаттаған оқушыға 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақтөбедегі мектептердің бірінің оқушысын мұғалімі сотқа берген. Оған себеп - 10 сынып оқушысы мектеп дәлізінде мұғалім әйелді балағаттаған. Оқушы кәмілетке толмағандықтан жауапкершілікке оның заңды өкілі, яғни анасы тартылған. Баласы бұзақылық жасаған әйел 7 айлық есептік көрсеткішке тең (14 847 теңге) айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
"Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушының анасын әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабы ("Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық") бойынша жауапқа тартты. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
435-бап бойынша, он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық әрекеттерін жасаса, онда айыппұл оның ата-анасына салынады.